«Қазақстан Республикасындағы және Орталық Азиядағы өзекті инфекциялар» тақырыбында IV Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция

2025 жылдың 4–5 маусым күндері, Шымкент қаласында «Қазақстан Республикасындағы және Орталық Азиядағы өзекті инфекциялар» тақырыбында IV Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылға арналған ғылыми-тәжірибелік іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Конференцияны «Инфекциялық аурулар және дерматовенерология» кафедрасы «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ басшылығының қолдауымен өткізді.

Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне ОҚМА ректоры Ж.С. Сейтжанова, Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.А. Асылбеков, Ресей Федерациясы Роспотребнадзор ведомствосының ФБУН «Орталық ғылыми-зерттеу эпидемиология институты» директорының клиникалық-аналитикалық жұмыс жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының докторы, профессор Н.Ю. Пшеничная, сондай-ақ АҚШ-тан келген Institute of Human Virology (University of Maryland School of Medicine, Baltimore) өкілі Мохаммад Саджади қатысты.
Конференция аясында АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның түрлі аймақтарынан жетекші мамандар бас қосып, 60-тан астам ғылыми баяндама ұсынылды. Олардың қатарында инфекциялық аурулар, эпидемиология, паразитология, фтизиатрия және антимикробтық резистенттік сынды маңызды тақырыптар қамтылды. Баяндамалар дәстүрлі және онлайн форматта ұсынылды.
Конференция спикерлері ретінде танымал ғалымдар мен профессорлар сөз сөйледі: Н.Ю. Пшеничная, О.А. Бургасова, Н.В. Саперкин (Ресей), Ж.А. Анваров (Өзбекстан), З.К. Джолбунова (Қырғызстан), сондай-ақ Қазақстандық мамандар Б.Н. Кошерова, Ж.С. Сейтжанова, Р.И. Розенсон, Ш.А. Кульжанова, С.Т. Доскожаева, Ф.Д. Утепов, Г.Н. Абуова, Е.М. Смаил және Ф.А. Бердалиева.

Конференцияға 300-ден астам инфекционист дәрігер, педиатр, эпидемиолог және жалпы тәжірибе дәрігері қатысты. Қатысушылар Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Талдықорған облыстарынан және Астана, Алматы, Семей, Шымкент қалаларынан келді.
Сонымен қатар, конференция жұмысына еліміздің жетекші медициналық жоғары оқу орындарының — С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Астана медицина университеті, Қарағанды медицина университеті, Маңғыстау медициналық университеті және Марат Оспанов атындағы БҚМУ инфекциялық аурулар кафедралары белсенді қатысты. Жас ғалымдар секциясы да жоғары деңгейде өтті. Үздік жұмыстар I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Конференция шеңберінде қойылған негізгі мақсаттар — инфекциялық аурулармен күресте медицина мамандарының күш-жігерін біріктіру, емдеу мен алдын алудың жаңа әдістерімен алмасу, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту — толық жүзеге асты.
Конференция соңында қатысушылар үшін Шымкент қаласының көрнекті орындары мен Түркістан облысының таулы аймақтарына экскурсия ұйымдастырылды.

10/06/25 04:27 6 қаралым