Конституция күні аталып өтті
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай мерекелік жиын өтті. Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының шырқалуымен басталды. Айтулы жиынға «ОҚМА» АҚ-ның ректоры Жанна Сейтжанова арнайы қатысып, жиналғандарды Конституция күнімен құттықтады.
– Баршаңызды еліміздің маңызды мемлекеттік мерекелерінің бірі – Конституция күнімен құттықтаймын! Конституция күнінің заңдық маңызымен қатар рухани мәні де терең. Конституцияға деген құрмет – Отанға, оның тарихына және жарқын болашағына деген құрметтің белгісі. Ата Заңның арқасында елімізде білім мен ғылымның өркендеуіне кең жол ашылды.
Бүгінде біздің оқу орнымыз тек кәсіби мамандар даярлайтын білім ордасы ғана емес, ел болашағына адал қызмет ететін азаматтарды тәрбиелейтін ортаға айналған. Заңға құрмет, адам құқығын сақтау, әділеттілік пен теңдік секілді құндылықтар оқу-тәрбие үдерісінде де, басқару ісінде де басшылыққа алынады. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Конституциямыз ғұмырлы болсын! -- деді Жанна Серікжанқызы.
Жиын барысында Қазақстан тарихы пәнінің оқытушысы Ақмарал Атығайқызы «Еліміздің өткені мен бүгіні – болашаққа бағдар» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, Ата Заңның қалыптасу кезеңдеріне, оның тарихи маңызына тоқталды.
Сондай-ақ, жиында оқу орнының академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры Мария Анартаева мен тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Ербол Сәлім құттықтау сөз сөйлеп, Конституцияның әрбір азаматтың өмірінде алатын айрықша орнын атап өтті.
Ата Заңды құрметтеу әр азаматтың маңызды міндеті екенін көрсете білген бұл тағылымды жиын жастардың жүрегінде елге деген сүйіспеншілік пен бірлікке деген сенімді нығайта түсті.
